Уикимедиа қорының жылдық жоспары/2024-2025

This page is a translated version of the page Wikimedia Foundation Annual Plan/2024-2025 and the translation is 100% complete.

Биылғы жылдық жоспар әлем үшін де, Уикимедиа қозғалысы үшін де күн сайын артып келе жатқан белгісіздік, тұрақсыздық және қиыншылыққа тап келіп отыр. Жаһандық тұрғыда желідегі сенімді ақпараттың рөлі өте маңызды әрі қазіргі жағдайда одан сайын артып келе жатыр. Ұйымдар мен онлайн платформалар интернеттің екіге жарылып, бөлшектеніп жатқан заманында жол таба алуы керек. Ақпарат іздеудің жаңа әдістері, соның ішінде чатқа негізделген іздеу түрлері танымал болып келе жатыр. Жасанды интеллект (AI) арқылы машиналық жолмен контент жасаудың оңай болып кетуі Уикимедианың техника арқылы адам басқаратын білім жүйесі ретіндегі рөліне де, оның қаржы моделіне де мүмкіндік берумен қатар қауіп те төндіріп тұр.

Осындай кедергілерге қарамастан Қор Уикимедиа қозғалысының 2030 жылға арналған стратегиялық бағытына сүйене отырып, жылдық жоспар мен бірнеше жылға жоспар құруды жалғастыра бермек. Айналамыздағы әлемде болып жатқан өзгерістер бұл бағытымызды одан сайын маңызды ете түспек. Тегін білімнің маңызды инфрақұрылымы болуға шақыру жай ғана шабыттандыратын сөз емес, өзгеріске ұшырап жатқан айналамызға жауап ретінде жобаларымыз бен ұйымдарымыздың тұрақтылығын үздіксіз бағалап тұрудағы міндетіміз.

Уикимедиа қозғалысының мақсаты бұрынғыша Стратегиялық бағыттың екі басты тірегіне негізделе бермек:

  1. Білімдегі теңдік: "адамзаттың әралуандығын түгел көрсететін білімді жинау арқылы әлемді ілгері жылжыту."
  2. Білімнің қызметтік функциясы: "қызметтер мен құрылымдар жасап, басқаларға да сондай мүмкіндік беру."

Қозғалыс ретінде біз әлемге сенімді ақпарат ұсынуды және контент жасау мен басқаруды 320-дан астам тілде орындайтын еріктілерді ынталандыруды жалғастыра беруіміз керек.

Осы жылдық жоспарда біз Қордың негізгі жұмысымен қатар Қозғалыс стратегиясының ұсыныстарын алға жылжыту үшін жұмыс істеп жүрген көптеген топтар мен жекелеген адамдардың жетістігін атап өтеміз. Алдағы жылдары Қор 2030 жылғы стратегиялық бағытымызға ұжым болып жету мақсатымызда ұсыныстардың қай жерлерде көбірек ақпарат беретінін анық белгілеуді де бастайды.

Сондай-ақ біз одан әрі де жоспарлауымыз керек. 2030 жылдан кейінгі уақытқа қарау миссиямыз үшін өте маңызды, ал ол бізден "пайдалы ақпарат жасап, оны интернетте мәңгілікке тегін пайдалана алатын қылуды" талап етеді. Ондаған жыл бойы Уикипедия контенті тұрақты түрде Google-дағы іздеу сұрауларының 99%-нда бірінші бетте көрсетіліп келді. Оны тіпті "бүкіл цифрлық әлемді біріктіріп тұрған фактілік торап" деп те атайды.

Дей тұрғанмен, күні бүгінге дейін жобаларымыз бен қаржы моделімізге жақсы қызмет етіп келген сілтемеге негізделген іздеу сәулетінен чатқа негізделген іздеу сәулетіне ауысу процесі әлі бастапқы сатысында болса да, ұзаққа қалайын деп тұрғанға ұқсайды. Біз мұны адамдардың онлайн режимде ақпарат жасап, тұтынуындағы келесі буынға ауысу барысы деп сенеміз. Интернет одан әрі әралуан және жаһандық болған сайын, сондай-ақ ағылшын тілінің үстемдігі азайған сайын бұл өзгерістер үдей бермек.

Бұдан шыққан нәрсе стратегиялық парадокс болып тұр: Уикимедиа жобалары интернеттің білім инфрақұрылымы үшін маңыздырақ бола тұрып, интернет пайдаланушылары үшін азырақ көрінетін болып бара жатыр. Олар маңыздырақ, себебі Уикипедияны ақпарат алудың, соның ішінде іздеудің (және одан да басқасының) болашағы саналатын ірі тіл модельдері "сіңіріп" жатыр. Көптеген есептеуге сүйенсек, ағылшынша Уикипедия [ірі тіл модельдерін оқыту деректерінің үздік https://www.washingtonpost.com/technology/interactive/2023/ai-chatbot-learning/ деректер жинағын] (сондай-ақ ең сапалыларының бірін) құрайды. Жалпы айтқанда, бұл – жақсы нәрсе. Сенімді жасанды интеллектіге сенімді фактілер базасы керек.

Солай бола тұра, Уикимедиа контенті интернеттің маңызды инфрақұрылымының азырақ көрінетін бөлігіне айналып барады, себебі күн өткен сайын жабық әрі ЖИ арқылы басқарылып бара жатқан интернет енді фактілердің дереккөзін көрсетпейді немесе тіпті Уикипедияға сілтемейді де. Үшінші тараптардың контентті пайдалануына негізделген әлеуметтік келісімшарт қысымға ұшырап жатыр. Жасанды интеллектінің нақты әсерін әлі толық көрмесек те, мұндай қысым уақыт өте келе жергілікті трафик және жаңа қатысушылар сияқты кейбір көрсеткіштеріміздің құлдырауына әкеп соғуы мүмкін.

Кез келген жылдық жоспар миссиямызды "әр уақытта" алға бастап отыратын көпжылдық әрі бірнеше буынға есептелген стратегия арқылы хабарлануы керек. Уикимедианың қозғалыс стратегиясына сүйене отырып, Қор көпжылдық жоспарымыз бен болжамдарымыз туралы хабарлау үшін үш салада жұмыс істей береді:

  1. ҚАРЖЫ МОДЕЛІ: Уикимедианың онлайн қаражат жинау аясындағы қаржы моделі мен болашақ болжамдары (мұны бұрынғыдай көбеймейді деп күтіп отырмыз), Уикимедиа Эндаумент қорының келесі фазасы және осыған дейін Wikimedia Enterprise қызметінен алған сабақтарымыз.
  2. ӨНІМ және ТЕХНОЛОГИЯ: Уикимедиа қозғалысының технологиялық қажеттіліктерін қолдаудағы Қордың рөлін ортаға қою, үлес қосушы әртүрлі қауымдастықтарымыздың қажеттіліктерін түсіну, болашақ аудитория үшін инновациялар енгізу, сондай-ақ өзгеріп жатқан сыртқы ландшафт үшін инфрақұрылымымызды дамытып тұру.
  3. РӨЛДЕР мен МІНДЕТТЕР: Қордың негізгі рөлдері мен міндеттерін түсіну үшін үлгілер мен принциптерді қалыптастыруға арналған арнайы талқылауларды көбірек жүргізу. Осылайша қозғалыс жарғысын қарастыру мен қозғалыс стратегиясын кеңінен талқылауға үлес қосу көзделген.

Қордың әлем бойынша пайдаланушыдан пайдаланушыға білім таратуды алға тартатын қауымдастықтар үшін платформа ұсынушы рөлін ескере отырып, былтырғы жоспар сияқты биылғы жоспар да технологияның айрықша маңыздылығына баса назар аударады. Биылғы жоспардың төрт басты мақсаты (Инфрақұрылым, Теңдік, Қауіпсіздік пен Біртұтастық, Тиімділік) тұрақты болып қала бермек, ал әр мақсаттағы жұмыс пен нәтижелер ағымдағы жылда жасалған прогреске негізделеді.

Жоғары деңгейде алдағы жылға арналған жұмысымыз Уикимедиа жобаларында пайдаланушы тәжірибесін жақсартуға, дүние жүзі бойынша үздік ондыққа кіретін веб-сайтқа қолдау көрсетуге қажет тұрақты қызметті қамтамасыз етуге, сондай-ақ өзгеріп жатқан интернетке сай болу үшін болашаққа көзделген инвестицияларға бағытталған. Білім алудағы айырмашылықтарды жою және қозғалысқа қатысуды кеңейту арқылы тегін білімге қол жеткізудің әлдеқайда бәріне бірдей жолдарын дамытамыз, үлес қосушыларымыз бен жобаларымызды сыртқы қауіптерден қорғаймыз және қозғалысқа болашақта қолдау көрсету үшін Уикимедианың ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге көмектесеміз.

Табыстың арту көрсеткіштері азайғанын көрген сайын, Қор бюджетінің қазіргі компромисін байқаймыз. Жаңа шындық талаптарына сай болу үшін Қор соңғы екі жылда дамуын айтарлықтай төмендетіп, былтыр қызметкерлер санын қысқартып, шығындарды азайтты. 2022 жылдан бері қозғалыс ұйымдарын қаржыландыру Қордың даму көрсеткішінен асып түсті, бұл мәселе әлі де биылғы күн тәртібінде тұр.

Бұл миссияда біргеміз

Біздің ұжымдық мақсатымыз – жаһандық қауымдастығымыздың жақсырақ әрі бізбен бірге жұмыс істеуіне көмектесу, соның арқасында бәріміз бірге тегін білім экожүйесінің негізгі инфрақұрылымына айналамыз. Төмендегі бөлімдерде жоғарыда аталып өткен төрт мақсатты іске асыруда Қордың әртүрлі командалары істеп жатқан жұмыс туралы толық ақпарат аласыз. Бұл жұмыстың ешқайсысын жалғыз орындай алмаймыз; адамдардың бәрі бүкіл білім жиынтығын бөлісе алатын әлемді бәріміз бірігіп қана жасай аламыз. Сол себепті негізгі құндылықтарымыздың бірі – біздің осы миссияда бірге болуымыз.

Уики аясында осы жердегі Мета-уики сайтында, қауымдастық кеңістіктерінде немесе жобаңыздың форумында (я болмаса соған тең алаңда) білесіп жұмыс істеуге шақырамыз.

Дәл қазір әлемге бізден не керек?

Биыл Қор жұмысымызға әсер етіп жатқан төрт сыртқы үрдіске баса назар аударып отыр:

  • Тұтынушылар ақпаратқа көміліп жатыр және оны сенімді адамдардың жинақтап бергенін қалайды.
  • Үлес қосушыларда желіде білім бөлісудің көптеген пайдалы әрі жарамды жолы бар.
  • Контенттің ақиқаттығы бұрынғыдан бетер күмәндалып отыр, сондай-ақ контент енді көбіне қару қызметін атқармақ.
  • Реттеу жұмыстары қиындық, қауіп-қатермен қатар мүмкіндік тудырады.

Былтыр жасағанымыздай, Қор жоспарлауды "Әлемге бізден және Уикимедиа қорынан не керек?" деген сұрақты қоюдан бастады. Біздің жұмысымызға әсер етіп жатқан сыртқы үрдістерге қатысты зерттеу жүргіздік, соның ішінде мыналар: лездік, шағын көлемдегі ақпаратқа деген көбірек назар; үлес қосушыларды кейбір платформаларға тарту мақсатында қаржылай не басқа да ынталандырғыштардың көбірек болуы; құқықтық және реттеуге қатысты қауіп-қатер, соның ішінде бізге және қатысушыларымызға, сондай-ақ қоғам мүддесін оң жолмен алға тарту ісіне қарсы қару ретінде қолданылуы мүмкін платформа ережелері; контенттің ақиқаттығы мен жасанды интеллектінің ақпарат экожүйесіне әсері.

Былтыр біз осы сыртқы үрдістерге жауап ретінде бірнеше қадам жасадық, соның ішінде Болашақ аудитория командасының жұмысына жаңа инвестициялар енгіздік, мысалы, ChatGPT плагинін әзірледік, жаңа платформалармен тәжірибе жасап, Уикимедиа жобаларында білімді пайдалану үшін адамдардың жасампаз ЖИ-ді қалай пайдалануы мүмкін екенін білдік. Сондай-ақ жаңа жұмыс тобын құрып, Уикимедиа жобаларында қате және жалған ақпараттың өсуін басқаруға көмек көрсету үшін кеңейтілген құқықтарға ие редакторларға арналған жақсырақ және ақылдырақ патрульдеу құралдарына инвестиция құйдық. Жыл бойы осы үрдістерді қайта қарап, олардан сабақ алдық; мысалы, ChatGPT тарихтағы ең жылдам өскен интернет платформаларының бірі болғанымен, Уикипедия сол кезеңде оқу трафигіне қатысты елеулі өзгеріс көрмеді. Адамдар әлем бойынша сенімді, дәл ақпарат көзі ретінде әлі де Уикипедия мен Уикимедиа жобаларына сенім артты.

Талқылау:2024

Биылғы жылдық жоспар туралы хабарлау үшін біз алдымен Талқылау: 2024 бастамасын, яғни арнайы ой бөлісу, тыңдау және үйренуге арналған әңгімелерді жүргіздік. Осы бастама аясында Уикимедиа қорының қамқоршылары, директорлары және қызметкерлері уики сайттарында, жеке адамдармен және шағын топтарда 130 талқылау жүргізді және әлі де жүріп жатыр. Бұл талқылаулар әлемнің барлық аймағын қамтиды. Белсенді қауымдастық мүшелерімен қатар жаңа қатысушылардан да, техникалық маман-еріктілер мен стюардтардан және серіктес ұйым басшыларынан үйренуді жалғастыра береміз.

Бұл талқылаудың нәтижелері осы жылғы, 2030 жылғы және одан кейінгі жоспарлауымызға тікелей енгізілді, соның ішінде жобаларымызды бірнеше буынға арнап құрастыру үшін не керек деген сияқты ойландық:

  • Қордың қызмет көрсету мен есептеу құралдарына қатысты волонтерлық жұмысындағы техникалық инфрақұрылымды жаңартуға баса назар аудара беру керектігі туралы үздіксіз естіп келдік. Бұл – стратегиялық әрекеттеріміз үшін ең маңызды тақырып, өйткені біз жұмысымыздың мәңгілікке жалғасуына шақыратын қолмен ұстауға болатын және практикалық миссия орындап жатырмыз. Талқылаулардың арқасында дұрыс бағытта көбірек жүруіміз керек екендігін растап алдық.
  • Бұл талқылаулардың көпшілігінде технология басты назарда болғанымен, Уикимедианың адам жетекшілігімен істейтін қозғалыс екеніне күмән жоқ. Біз "бәрі де адамдар туралы" екенін естідік, бұрыннан істеп келе жатқан редакторлардың қажеттіліктері мен жаңа қатысушыларды қарсы алу жөніндегі бастамалар арасында баланс ұстау жөніндегі таныс дилемманы шешуге мүмкіндік беретін тағы да көп шешімді зерттедік. Адамдарға негізделген құндылықтарымыз Уикимедианың жасанды интеллектінің келесі буынын қалыптастырудағы рөлі туралы бірнеше талқылауда атап өтілді.
  • Талқылау: 2024 әңгімелері қозғалыс субъектілеріне Қордан көмек алуда көпжылдық қаржылық сенімділікке деген қажеттіліктерін бөлісуге мүмкіндік берді, оны біз биылғы жоспарда ескереміз. Басқа талқылаулар шектеулі ресурстарға басымдық беруді жалғастырудың қажеттігін және компромистер туралы ашық айту керектігін атап өтті.
  • Соңында Қозғалыс жарғысын анықтау тапсырмасы бірнеше талқылауда қозғалды. Олар қозғалыс стратегиясы мен принциптерін ой елегінен өткізуден ("Бұл қозғалыста бәрі үнемі кезек бойынша бола ма?") әртүрлі құрылымдардың мақсаты туралы сұрақтарға ("Бізге жаһандық кеңестің қандай шешімдер қабылдағаны керек? Шешімдер неліктен бір орталықтан екіншісіне ауысып жатыр?" "Мәселені шешу үшін балғаны пайдаланып жүрміз, ал ол жерде тұрғаны шеге емес, шуруп қой") дейін болды. Нәтижесінде әртүрлі пікірлердің болғаны ("Көптеген аймақтағы редакторлар қауымдастығы серіктестердің, хабтардың немесе басқа да басқарушы құрылымдардың қандай да бір пайдасын бірден көрмейді" "Жаһандық қауымдастық әлі де Қор оны естімейтіндей сезеді." "Кейбір аймақтардағы серіктестердің жасайтын жұмысы шынымен мақтауға лайық, әсіресе серіктестер қауымдастықпен тығыз байланыста болса") таң қалдырмады. Сондай-ақ алдағы қиын тапсырманы терең түсіну ("Жаһандық қауымдастықтың үлкендігі сонша, бәрін тұтас байланыстыру мүмкін емес").

Қордың 2024-2025 жылдардағы мақсаттары

Жылдық жоспарлауға қатысты қолданатын әдісіміз:

Осы контексті ескерсек, біздің жыл сайынғы жоспарлауға қатысты қолданатын әдісіміз бұрынғыша мына жобалау принциптеріне негізделеді:

  • Қозғалыс стратегиясын берік ұстану. Білімдегі теңдік пен Білімге қозғалыс стратегиясы аясындағы қызмет түрі ретінде байланысу.
  • Сыртқы көзқараспен қарау. Айналамыздағы әлемде болып жатқан нәрселерден бастау. Сыртқа көз тастау. Жұмысымызға әсер етіп жатқан басты сыртқы үрдістерді анықтау.
  • Өнім мен Технологияға назар аудару. Қордың өнім мен технологияны көп көлемде жасауға мүмкіндік беретін платформа ретіндегі рөліне басты назарды ұстап тұру.
  • Жыл сайын төрт мақсатқа бейімделу. Жылдық жоспардың төрт мақсаты алдыңғы прогреске негізделетін жұмыспен бірге былтырғыдай тұрақты болып қалады.
  • Мерзімі ұзақ көпжылдық бағдар алу. Жылдық жоспарымыздың негізін көпжылдық жоспарлаудан алу. Табыс моделімізге, техникалық стратегиямызға және қозғалыстағы рөлдер мен міндеттерге қатысты ұзақ мерзімді үрдістерді ескеру.
  • Қозғалыс топтарын қаржыландыруды көбейту. Қор субъектілерін қаржыландыру ісі Қордың өсу қарқынынан асып кетті.

Уикимедиа қорының 2024−2025 жылдарға арналған төрт негізгі мақсаты бар. Аталмыш ұйымдастырушылық мақсаттар былтырғы жоспармен салыстырғанда өзгере қойған жоқ, десе де әр мақсаттағы белгілі бір жұмыс пен пункттер жетілдіріліп жатыр. (Қордың 2024-25 жылдарға арналған мақсатының слайд түріндегі нұсқасы да бар.) Бұл мақсаттар Уикимедиа қорының Стратегиялық бағыты мен Қозғалыс стратегиясына сай, сондай-ақ жұмысымызға әсер ететін маңызды сыртқы тренділерге жауап беру үшін жасалған.

Уикимедиа қорының 2024-25 жылдарға арналған мақсаттары:

  1. ИНФРАҚҰРЫЛЫМ: Білімді қызмет ретінде алға тарту. Уики жобаларындағы пайдаланушы тәжірибесін, әсіресе тәжірибелі редакторлар үшін жақсарту. Көрсеткіштер мен есеп беру жағын күшейту.
  2. ТЕҢДІК: Білімдегі теңдікті қолдау. Қозғалысты басқару, ресурстарды тең дәрежеде үлестіру, білімді толықтыру және қозғалысты біріктіру арқылы шешім шығарудағы теңдікті күшейту.
  3. ҚАУІПСІЗДІК ПЕН БІРТҰТАСТЫҚ: Адамдарымыз бен жобаларымызды қорғау. Еріктілерге қауіпсіздік ұсынатын жүйелерді нығайту. Жобаларымыздың біртұтастығын қорғау. Тегін білім ортасын алға тарту.
  4. ТИІМДІЛІК: Қордың жалпы өнімділігі мен тиімділігін арттыру. Барынша көп әсер алу үшін процестерімізді әлдеқайда шектеулі ресурстармен бағалау, қайта қарау және бейімдеу.

2024-25 жылдардағы мақсаттарға қысқаша шолу

Бұл бөлімде Қордың әр мақсаты аясындағы негізгі жұмыс туралы жалпы түсінік беріледі.


1-МАҚСАТ: ИНФРАҚҰРЫЛЫМ: Білімді қызмет ретінде алға тарту, ол үшін уики аясындағы тәжірибелерге, болашақ аудиторияларға және сигналдар мен дерек қызметтеріне ден қою.

  • УИКИ АЯСЫНДАҒЫ ТӘЖІРИБЕЛЕР
    • Қатысушылар тәжірибесі: Тәжірибелі және жаңа қатысушыларға бірігіп үлес қосып, сенімді энциклопедия құруға көмектесу.
    • Тұтынушы тәжірибесі: Энциклопедиялық контентпен мықты байланыс орнату үшін оқырмандар мен қаражат жіберушілердің жаңа буынын тарттыру.
    • MediaWiki: MediaWiki платформасы мен интерфейстерін Уикипедияның негізгі қажеттіліктеріне сай жетілдіру.
  • БОЛАШАҚ АУДИТОРИЯЛАР
    • Гипотезаларды сынау. Технологиядағы тренділерді, желідегі мінез-құлықты жақсырақ түсіну және Уикипедия контентінің қамту аймағын кеңейту үшін болашаққа бағыталған гипотезаларды сынау.
  • СИГНАЛДАР МЕН ДЕРЕК ҚЫЗМЕТТЕРІ
    • Көрсеткіштер: Әсерімізді түсіну және шешім шығару туралы хабарлау үшін басты көрсеткіштерді қадағалап, жариялау.
    • Эксперименттік платформа: Өнім функцияларының әсерін жақсырақ бағалау үшін сенімді эксперименттік платформаны іске қосу.

2-МАҚСАТ: ТЕҢДІК: Білімдегі теңдікті қолдау, ол үшін қозғалысты басқаруға және шешім шығаруға, ресурстарды тең дәрежеде үлестіруге, білімді толықтыруға және қозғалысты біріктіруге басты назар аудару.

  • ҚОЗҒАЛЫСТЫ БАСҚАРУ
    • Шешім шығару: Қозғалыстағы шешім шығару ісін тиімді әрі тең дәрежеде жүргізуді қолдау. Еріктілердің қозғалыстағы негізгі процестерді (мысалы, Жарғы, Жаһандық кеңес, Хабтар, Комитеттер) түсініп, оған қатыса алатынына көз жеткізу.
  • РЕСУРСТАРДЫ ҮЛЕСТІРУ
    • Грант бөлу: Грант бөлу ісін Қозғалыс стратегиясына сай бейімдеуді жалғастыру. Ресурстарды тең үлестіруді қолдау және Серіктестердегі қаражат жинау мүмкіндігін нығайту үшін қауымдастықтармен жұмыс істеу.
  • БІЛІМДІ ТОЛЫҚТЫРУ
    • Контенттің өсуі: Сенімді энциклопедиялық контенттің өсуін үдету. Құралдарымыз бен қолдау жүйелерімізді пайдалануға, бейімдеуге және жақсартуға оңайырақ қылу арқылы қауымдастықтарға білімді толықтыруға көмектесу.
  • БАЙЛАНЫСТАР
    • Қозғалысты біріктіру: Уикимедиашыларға бір-бірімен байланысу, бөлісу және бір-бірінен үйренуге көмектесу (мысалы, Жыл уикимедиашысы, WikiCelebrate, Жергілікті және жаһандық байланыстар, Уикимания, жергілікті конференциялар, Уикимедиа хакатоны, Let's Connect сияқты шаралар).

3-МАҚСАТ: ҚАУІПСІЗДІК пен БІРТҰТАСТЫҚ: Адамдарымыз бен жобаларымызды қорғау, ол үшін жобаларды басқаруға, адам құқықтарына қолдау білдіру, өзгеріп жатқан құқықтық негізге жауап беру, жалған ақпарат таратумен күресу және Уикимедиа моделін алға тарту.

  • АДАМДАРЫМЫЗДЫ ҚОРҒАУ
    • Сенім және қауіпсіздік: Адамдарды қорғайтын және контенттің біртұтастығын қамтамасыз ететін Арбком, Стюардтар және т.с.с. жобаларды басқару істеріне қолдау көрсету.
    • Адам құқықтары: Уикимедиа жобаларында ақпаратты бөлісу, қабылдау және жауапты түрде жариялау үшін қажет қауіпсіздеу ортаға қолдау көрсету.
    • Ауқымды түрде ереже бұзу: Инфрақұрылымды, құралдар мен процестерді жақсарту арқылы қауымдастықтар мен жүйелерді ауқымды түрде ереже бұзудан қорғау.
  • ЖОБАЛАРЫМЫЗДЫ ҚОРҒАУ
    • Заңдар мен ережелер: Өзгеріп жатқан құқықтық негізге жауап беру, соның ішінде заң реттеуші органдар туралы білу, құқықтық талдау жүргізу және талаптарға бағыну.
    • Жалған ақпарат тарату мәселесі: Ең мықты қорғаныс ретінде күшті әрі әралуан қауымдастыққа қолдау көрсетуді жалғастыру. Еріктілердің үлесіне тергеулер, сарапшылармен байланысу және құқықтық қорғану арқылы қолдау көрсету.
  • МОДЕЛІМІЗДІ АЛҒА ТАРТУ
    • Саясатты қолдау: Құқықтық және саяси ортада Уикимедиа моделінің құндылығын танымал қылу.

4-МАҚСАТ: ТИІМДІЛІК: Қордың жалпы өнімділігі мен тиімділігін арттыру, ол үшін қаржылық тұрақтылық пен тиімділікке көбірек назар аудару, қызметкерлердің қызығушылығы мен өнімділігін күшейту және қордағы процестерді оңтайландыру.

  • ҚАРЖЫЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚ
    • Табыс: Жылдық қорға арнап $188M жинап, ұзақ мерзімдік табыс табу стратегиясына инвестициялау.
    • Тиімділік: Қаржылық моделіміздің саладағы үздік тәжірибеге сай не одан асып түсетініне көз жеткізу; бағдарламалық шығын арақатынасын ең кемі 77% деңгейінде ұстап тұру.
    • Серіктестер: Серіктестердің көп жылдық бюджет пен жоспарлауға қатыса алатынына көз жеткізу.
  • ӨНІМДІЛІК
    • Мамандармен жұмыс процесі: Қызметкердің қызығушылығы мен тиімділігін жақсарту үшін мамандарға қатысты саясаттарды, процестер мен тәжірибелерді күшейту.
    • Қайырымдылық миссиясы: Қызметкерлерге қайырымдылық мәдениетіне ұйым ретінде адал болу ісі аясында қаражат жіберушілермен бірге және көпшілік алдында миссиямыздың елшісі болуға мүмкіндік беру.
  • ПРОЦЕСТЕР
    • Қордағы процестерді оңтайландыру: Әлдеқайда тиімді, автоматты және тұтынушыға бағытталған процестер жасау. (мысалы, ақша жинауға қатысты төлемдерді іске асыру, мекемедегі қауіптерді басқару, жұмыс істеу орталары, бизнестегі жұмыс барыстары.)
    • Тоқсандық көрсеткіштер: тоқсандық көрсеткіштерді тексеруге және оның жылдық мақсатқа сәйкестігіне қатысты күштірек процесті қолдану.

Былтырғы жоспар бойынша жасалған прогресс

Төменде 2023-2024 жылдардағы жылдық жоспарымызда жеткен негізгі сәттер мен прогреске қысқаша шолу келтірілген. Жылдық жоспарымыздың мақсаттарына қатысты болып жатқан прогресс туралы Diff сайты мен басқа арналар арқылы хабарлап тұрамыз.

1-МАҚСАТ бойынша жасалған прогресс: ИНФРАҚҰРЫЛЫМ

2-МАҚСАТ бойынша жасалған прогресс: ТЕҢДІК

3-МАҚСАТ бойынша жасалған прогресс: ҚАУІПСІЗДІК пен БІРТҰТАСТЫҚ

4-МАҚСАТ бойынша жасалған прогресс: ТИІМДІЛІК

  • Жоғары дәрежелі тиімділік: Уикимедиа миссиясын қолдауға тікелей жұмсалатын бюджетіміздің проценттік үлесін (біздің "Бағдарламалық тиімділік ара қатынасы" көрсеткіші) көбейту жолындамыз. Ол үшін әкімшілікке және қаражат жинауға қатысты ішкі тиімділікті арттырып жатырмыз.
  • Қозғалысқа қолдау білдіретін қосымша инвестициялар: Тиімділікті осылай күшейту арқылы $1,8 млн көлеміндегі инвестицияны грант беру, функцияларды дамыту, сайт инфрақұрылымын жақсарту сияқты қаржыландыру салаларына құюға мүмкіндік береді.